Құрметті достар, әріптестер!
Бүгінгі #100KZGALYM айдары – маркетинг, тұтынушылық мінез-құлық және брендинг салаларында еңбек етіп жүрген, Индиана университетінің (Блумингтон, АҚШ) Келли бизнес мектебінде Маркетинг кафедрасының ассистент-профессоры болып қызмет етіп жүрген Мансұр Хамитов жайында.
Ғалымның туған жері – Қарағанды қаласы. Кейін отбасымен Алматыға қоныс аударып, KIMEP университетінде бакалавриат пен MBA бағдарламасын тәмамдады. Еңбек жолын корпоративтік секторда бастаған, Procter & Gamble мен Santo фармацевтикалық компаниясында жұмыс істеді. Алайда, ол корпоративтік орта оның жолы емес екенін түсінген. Өз потенциалын зерделеп, бағыт-бағдар іздеген Мансұр академиялық ортаға келді. «Алдымен жас оқытушы ретінде тәжірибе жинап, сұрақ қойып, оған ғылыми жауап іздеу – өз болмысым екенін ұқтым», – дейді ол.
Осылайша, Канададағы Ivey Business School (Western University) докторантурасына (PhD) түсіп, толық грант иегері атанды. Академиялық және кәсіби портфолиосының мықтылығы арқасында оның зерттеулері оқу барысында-ақ Journal of Consumer Research пен Journal of the Academy of Marketing Science сынды ең беделді журналдарда жариялана бастады.
Бүгінде профессор М. Хамитовтің Хирш индексі – 11, 70-тен астам ғылыми жарияланымның авторы. Оның еңбектері халықаралық академиялық және кәсіби ортада жоғары бағаланып, жиі дәйексөзге алынып отырады.
Ғылыми қызығушылығы – маркетинг, мінез-құлық экономикасы мен технологиялар салаларын қамтиды: зерттеу ауқымы кең, брендке сенім, тұтынушы адалдығы, қаржылық шешімдер, жасанды интеллекттің әсері сияқты тақырыптарды қамтиды. Ол – Journal of Consumer Research, Journal of Marketing сынды журналдардың редакциялық алқасы мүшесі, ірі халықаралық конференцияларда үнемі баяндама жасайды.
Мансұрдың пікірі мен сараптамасы CNBC, The Washington Post, Harvard Business Review, Psychology Today секілді жаһандық БАҚ беттерінде жарық көріп жүр. Rethink Retail және Microsoft рейтингінде «Бөлшек сауда саласындағы ең ықпалды тұлғалар» (2022–2025) тізіміне енген. Сондай-ақ Consumer Psychology қоғамының «Ең үздік шолушы» (2022) және «Ерте мансап» (2024) сыйлықтарының иегері.
«Бакалаврды енді ғана тәмамдаған тұста, Қазақстанда зерттеушілік мәдениет қалыптаса қоймаған еді. Қазір оң өзгерістер байқалады. Жас қазақстандықтардың ғылымға қызығушылығының артуына куә болып, қуанамын», – дейді ғалым.
▪️Жас ғалымдарға қандай кеңес бересіз?
«Тәуекелден қорықпаңыздар. Өз салаларыңыздағы беделді ғылыми журналдарға мақала жариялауға ұмтылыңыздар. Сапалы зерттеу жасаудан тартынбаңыздар. Шетелдік ғалымдармен байланыс орнатқан маңызды, бірақ ел ішінде де ғылыми көпірлер құру – басты міндеттің бірі. Ғылым мәдениетін дамыту мен зерттеушілік дағдыларды шыңдау – табыстың кепілі», – деді Мансұр Хамитов.
▪️Ғылым жолында қандай үш қасиет маңызды?
– Төзімділік – сын, сәтсіздік пен кедергілерге мойымау қабілеті;
– Қызығушылық – үздіксіз ізденістің қозғаушы күші;
– Тапқырлық – күрделі жағдайларда тың шешім қабылдай білу.
▪️Қазақстан ғылымын дамытуға қандай үлес қоса аласыз?
«Менің тарихым өзге жас ғалымдарға шабыт беруі мүмкін. Қазақстаннан шыққан зерттеуші әлемдік деңгейдегі академиялық мансап жасай алатынын дәлелдей аламын. Сондай-ақ ғылыми сараптамам – халықаралық әріптестік пен ынтымақтастық орнатуға мүмкіндік береді. Қазақстанды әлемдік зияткерлік орталық ретінде танытуға үлес қоса аламын», – деді ол.
▪️Ғылым саласында қандай жаһандық трендтерді атап өтер едіңіз?
– Үздік журналдарға шығу қиындап жатыр, сондықтан ғылымды қолдау жүйесін нығайту қажет;
– Ғалымдарымыз әлемдік академиялық ортада белсенді болуы керек;
– Мульти және трансдисциплинарлық зерттеулерге бет бұру маңызды.
▪️Мансұр Хамитовтың жолы – ғылым мен табандылықты, кәсібилік пен жаһандық ойлауды біріктіре білген жаңа буын қазақ ғалымының көрінісі.
Құрметпен,
Автор: Ерғалиев Қуаныш
📌P.S. Рубрика шетелдегі қазақстандық ғалымдар туралы #100KZGALYM жобасы аясында шығады. Qazaq International Science and Technology Association