#100KZGALYM: МАРАТ БАҚПАЕВ – МАРКЕТИНГТЕН ҒЫЛЫМҒА АПАРАР ЖОЛ

Құрметті достар, әріптестер!


Бүгінгі #100KZGALYM рубрикасының келесі кейіпкері – АҚШ-та ғылыммен айналысып жүрген қазақстандық зерттеуші, Миннесота университетінің Дулут кампусында (University of Minnesota Duluth) тоғыз жылдан астам еңбек етіп келе жатқан Марат Бақпаев. Мараттың ғылым жолы – тәжірибе, білім ізденісі мен жаһандық көзқарасты үйлестіріп, берік те сан қырлы мансап құрғанының айқын дәлелі.

Марат Бақпаев Көкшетауда дүниеге келіп, физика-математика лицейінде білім алды. Мектеп кезінде құқықтану бойынша аймақтық олимпиада жеңімпазы атанып, Көкшетау мемлекеттік университетіне емтихансыз қабылданған. Экономика және құқық мамандығы бойынша бакалавриатты, кейін «Коммерция» бағыты бойынша магистратураны тәмамдады.

2003 жылы Сорос қорының грантын жеңіп алып, АҚШ-қа жол тартты. Сент-Луис қаласындағы Вашингтон университетінде стратегиялық маркетинг және менеджмент бойынша магистратураны аяқтады. Қазақстанға оралған соң, бизнес пен оқытушылықты қатар алып жүрді, КИМЭП-те 8 жыл сабақ беріп, ритейл және жарнама саласында жұмыс істеді.

Мараттың кәсіби тәжірибесі жарнама, ритейл және маркетинг салаларын қамтиды. Ол Қазақстанда алғаш рет Zara, Bershka, Pull\&Bear, Stradivarius және Massimo Dutti дүкендерін ашқан команданың құрамында болды. Сол уақытта adjunct lecturer ретінде студенттеріне нарықтан алынған нақты мысалдармен сабақ берді.

2013 жылы Марат Францияға барып, NEOMA Business School-да тұтынушылардың мінез-құлқын зерттеу бағытында докторлық диссертация қорғауға кірісті. 2016 жылы PhD дәрежесін алған соң, Миннесота университетінің Дулут кампусынан ғылыми-зерттеу бағытына басымдық беретін қызметке шақырту алды. Бүгінде ол маркетинг және тұтынушы мінез-құлқы саласында зерттеулер жүргізіп, сабақ беруді жалғастыруда. Маркетинг пен ғылым саласында 20 жылға жуық еңбек етіп келеді. Оның Хирш индексі – 11.

Мараттың жолы – заңгер болудан басталып, экономикаға, одан маркетинг пен ғылымға ұласқан бағыт. Бұл жаңашылдыққа ашық болудың және өзгерістерге бейімделудің маңызды екенін көрсетеді. Мықты теориялық база, халықаралық білім және практикалық тәжірибе оған тек оқытушы ғана емес, сонымен қатар терең қолданбалы зерттеулер жүргізетін ғалым болуға мүмкіндік берді.

Марат Бақпаев – тәжірибеден ғылымға саналы қадам басып, академиялық болмысын қалыптастырған зерттеуші. Оның жетістікке жету жолы қарасақ, ғылыми мансап кейде тәжірибеден, саланы тереңірек түсінуге деген ұмтылыстан және біліммен бөлісу қажеттілігінен туындайтынын көрсетеді.

Марат Бақпаевтың пікірінше, жас ғалымдарға ең бастысы – әлемдік ғылыми ортадан ажырамай, халықаралық деңгейде байланыс орнату. Ол үшін конференцияларға қатысу, алдыңғы қатарлы ғалымдармен танысу және өз салаңдағы соңғы зерттеулерден хабардар болу маңызды. «Мақалаңыз бірден қабылданбаса да, тыңдаңыз, үйреніңіз, байланыс орнатыңыз. Мен үшін Association of Consumer Research и Society of Consumer Psychology сияқты ұйымдардың бір бөлігі болу – кәсіби дамудың кепілі. Сондай-ақ сұрақ қоюдан, ментор іздеуден және кеңес сұраудан қорықпаңыз. Академиядағы көп нәрсе уақыт өте түсінікті болады, ал бастапқыдағы қолдау шешуші рөл атқара алады», – дейді ғалым.

Ғалым ретінде дамуға қажетті үш қасиет:

1. Төзімділік және жүйелілік. Күнделікті мәтінмен жұмыс істеу әдеті қалыптаспаған ғалым ұзаққа бара алмайды.
2. Үйрену және бейімделу қабілеті. Академия – ол үздіксіз білім алу. Әдістеме, хат, аргументация логикасы – соның бәрін үйрену керек. Жақсы мақалаларды талдап, құрылымын түсініп, жазу машығын үнемі шыңдау керек.
3. Ішкі мотивация және адалдық. Мақаланы шынайы қызығушылықпен жазу және жариялау – ұзақмерзімді табыстың кілті.

ҚАЗАҚСТАН ҒЫЛЫМЫНА ҚОСАР ҮЛЕСІ

Ғалым елге жиі келіп, конференцияларға қатысады, лекциялар оқиды, қазақстандық жоғары оқу орындарымен бірлескен жобалар жүргізеді. Назарбаев университетінде баяндама жасап, КИМЭП және басқа да оқу орындарымен жобалар жүргізген. Бүгінде зерттеушілік лауазымдарға үміткерлердің басым бөлігі – Үндістан, Қытай, Иран, Корея, Жапония және посткеңестік кеңістіктен шыққан мамандар. Қазақстаннан да бірнеше шәкіртім бар: бірі Австралияда, енді біреулері басқа елдерде академиялық мансабын жалғастырып жүр. Бұл – елімізде әлеуеттің барын және академиялық нарықтың жаһандық екенін көрсетеді. Жаһандық ғылымға қосқан кез келген үлес – Қазақстан ғылымына да қосылған үлес, өйткені Қазақстан әлемдік ғылыми қауымдастықтың бір бөлігі.
Мен өзімді «үлкен ғалым» деп санамаймын – тек өз жұмысымды істеймін, зерттеу тақырыбыма тереңірек үңілемін және пайдамды тигізуге тырысамын. Егер тәжірибем мен ой-пікірлерім біреуге, әсіресе ғылыми жолын енді бастағандарға, септігін тигізсе – демек, мен де өз үлесімді қосқаным.

ҒЫЛЫМДАҒЫ ЖАҢА БАҒЫТТАР

Қазіргі таңда маркетинг және тұтынушы мінез-құлқы саласында жасанды интеллекттің дамуының салдары белсенді түрде зерттеліп жатыр. Бұл – адамдардың мінез-құлқына, нарыққа және технологиялармен өзара әрекеттесуіне ықпал ететін жаһандық құбылыс. Менің ойымша, Қазақстан осындай тақырыптарға назар аударып, осы бағыттағы зерттеулерді қолдауы керек. Бірақ трендтерге ерумен қатар, өзіңнің мықты тұстарыңды да ескеру қажет. Сонда ғана зерттеу нәтижесі мәнді болады.

Сонымен қатар ғылыми зерттеулер жергілікті ерекшеліктерді де ескеруі тиіс. Мысалы, АҚШ-та медициналық тексеруден өткен кезде дәстүрлі тамақтанудың денсаулыққа әсері туралы ой келді. Осындай жайттар Қазақстанға ғана тән ерекше ғылыми сұрақтарды тудыра алады. Ғылым қоғамға қызмет етуі керек – көзге көрінбейтін, бірақ маңызды заңдылықтарды ашу, түсініктемелер мен бағдар беру, қоғамды саналы ету – міне, ғылымның басты мақсаты.

Құрметпен,
Автор: Ерғалиев Қуаныш

P.S. Рубрика шетелдегі қазақстандық ғалымдар туралы #100KZGALYM жобасы аясында шығады.
Qazaq International Science and Technology Association