Құрметті достар, әріптестер!
100KZGALYM жобасының бүгінгі кейіпкері – Наргиза Буранова, АҚШ-тағы Assistant Professor in Special Education (арнайы білім беру саласының профессоры). Оның кәсіби жолы – ерте бастан арнайы білім беру саласына деген қызығушылықтан бастап, америкалық университеттегі профессорлық қызметке дейінгі жол. Бұл – тәжірибе, зерттеу және халықаралық ынтымақтастықтың тоғысуының нәтижесі.
Сарыағаштан өңірінен шыққан Наргиза бакалавр дәрежесін Астанадағы Л.Н. Гумилёв атындағы Еуразия ұлттық университетінде алған. Кейін ол АҚШ-қа магистратураға түсіп, алғаш рет университет жанындағы аутизм зерттеу орталығында жұмыс істейді. Дәл осы жерде оның ғылыми ізденіске деген қызығушылығы қалыптасады.
Кейін Наргиза University of Missouri университетінде Special Education (Autism) бағыты бойынша PhD дәрежесін қорғап, сол жерде академиялық мансабын жалғастырды. Бүгінде ол Колумбия қаласында (Миссури, АҚШ) тұрып, жұмыс істейді. Ғылыми көрсеткіші – h-index 3.
Ғылыми бағыты
Наргизаның зерттеулері мен оқыту тәжірибесі аутизмі бар жасөспірімдерді қолдауға бағытталған. Ол олардың сыныптастарымен, мұғалімдерімен және ересектермен өзара қарым-қатынас орнату дағдыларын дамыту жолдарын зерттейді. Сондай-ақ әлеуметтік және коммуникативтік дағдыларға арналған оқу бағдарламаларын әзірлейді. Оның тәсілі академиялық дәлдік пен мектептер мен отбасылар үшін нақты практикалық пайдаға негізделген.
Жас ғалымдарға қандай кеңес берер едіңіз?
Ғылым – ұжымдық іс. Тәжірибелі зерттеушілерден менторлық іздеп, халықаралық қауымдастықпен байланыс орнатудан қорықпаңыз. Конференцияларға қатысу, бірлескен жобалар мен елдер арасындағы білім алмасу – жеке мансапты да, ғылымның өз саласын да дамытады.
Ғылымда табысқа жету үшін қандай үш қасиет қажет?
Ғылыми жол – жылдар бойғы еңбек пен табандылықты талап етеді. Бұл жылдам нәтиже іздейтіндерге емес, шын мәнінде қызығушылығы бар жандарға арналған жол.
Мен үш басты қасиетті айтар едім:
қызығушылық – жаңа ашылымдарға жетелейді;
төзімділік – қиындықтарды еңсеруге көмектеседі;
амбиция – өз идеяңа сенуге және алға ұмтылуға күш береді.
Қазақстан ғылымына өз үлесіңізді қалай көресіз?
Менің жұмысым – аутизмі бар жасөспірімдердің әлеуметтік қатынастарын дамыту мен коммуникациясын қолдау. Қазақстанда осы бағытта бірлескен зерттеулер, мұғалімдер мен ата-аналарға арналған тренингтер ұйымдастыруды мақсат етемін.
Қазақстан қандай әлемдік ғылыми үрдістерге назар аударуы керек деп ойлайсыз?
Ең маңыздысы – партисипативті зерттеулерге (қатысушы тараптардың белсенді араласуына) көшу. Яғни зерттеулерге мүмкіндігі шектеулі адамдарды, олардың отбасын және педагогтерді қатыстыру. Бұл тәсіл нәтижелерді өмірге жақын әрі мәнді етеді.
Сізді Қазақстаннан тыс жерде оқуға, жұмыс істеуге және зерттеу жүргізуге не ынталандырды?
Мен магистратураға арнайы білім беру саласы бойынша түскен кезде, бұл бағыт Қазақстанда енді ғана қалыптасып келе жатқан еді. Соңғы жылдары айтарлықтай ілгерілеу байқалады, алайда сол уақытта АҚШ-та жетекші зерттеушілерден білім алу және әлемдік аутизм саласындағы күн тәртібін қалыптастыратын ғылыми негізделген құралдар мен бағдарламалармен жұмыс істеу бойынша бірегей мүмкіндік болды. АҚШ-та оқу менің кәсіби біліктілігімді тереңдетуге және пәнаралық командалармен бірлесіп жұмыс істеуге жол ашты. Қазір маған осы тәсілдерді Қазақстандағы әріптестеріммен бірлескен жобаларға енгізіп, оларды зерттеу мен тәжірибені дамытуға қолдану өте қызық.
Құрметпен,
Автор: Ерғалиев Қуаныш
P.S. Рубрика шетелдегі қазақстандық ғалымдар туралы #100KZGALYM жобасы аясында шығады.