Құрметті достар, әріптестер!
100KZGALYM жобасы аясында шетелде табысты еңбек етіп жүрген тағы бір отандасымызбен таныс болыңыздар. Бұл жолы сіздерге Лос-Анджелесте тұратын биолог әрі биохимик, молекулалық биология саласының зерттеушісі – Сәкен Шерхановты таныстырамыз.
Сәкен Шерханов туралы мен алғаш мектепте жүргенде біле бастадым. Биология пәнінен халықаралық олимпиадаға дайындалғанда, бізге 1995 және 1996 жылдары осы жарыстардан қола және алтын медаль жеңіп алған қазақ баласы – Сәкен Шерханов жайлы бізге жиі айтылатын. Ол кезде біз үшін бұл — қол жетпес биіктік еді. Тіпті қазіргі уақытқа дейін биология пәннен алтын медальді ешкім алып келмеген.
Ал бүгінде ол АҚШ-та 25 жыл тұрып, әлемдегі жетекші университеттердің бірі – Калифорния Университетінде (UCLA) зертханаға жетекшілік етеді.
Сәкен Шерханов АҚШ-қа алғаш барғанда, қаржылық қиындықтарға байланысты оқуын қоғамдық колледжде бастаған. Бір жылдан кейін дарыны мен еңбекқорлығының арқасында әйгілі Caltech – Калифорния технологиялық институтының биология факультетіне оқуға түсіп, бакалавр дәрежесін иеленді. Кейін UCLA-да химия, биохимия және молекулалық биология бойынша PhD докторлығын қорғады.
PhD-ге дейінгі жылдары ол Лос-Анджелестегі орта мектепте физика мен биология пәндерінен сабақ беріп, оқушыларды университет пен олимпиадаға дайындаған. Сәкен Шерханов білім саласына басшылық деңгейде де үлес қосты: АҚШ-тағы 10-ға жуық мектептің директорлар кеңесіне мүше болып, STEM-білімді дамытуға, оқыту сапасын арттыруға, стратегиялық жоспарларға атсалысты.
Биотехнология саласындағы практикалық жобалар Сәкен мырзаның ғылымды тек теорияда емес, іс жүзінде де дамытқысы келетінін көрсетеді. Ол жасыл энергетика бойынша зерттеулер жүргізіп, биологиялық отын өндіретін стартап-компанияның құрылуына атсалысты. Алған ғылыми гранттарын түгелдей осы жобаның дамуына жұмсады.
Бүгінде оның басты ғылыми бағыты – ақуыздар құрылымы мен қатерлі ісікке қарсы зерттеулер.
«Ақуыздар арасындағы тығыз байланыстарды зерттей отырып, қатерлі ісікке қарсы жаңа жолдарды ашуға болады. Бұл бағыт әлі күнге дейін терең зерттелмеген. Қазір осыған арналған жаңа зертхана құрылып жатыр», – дейді ғалым.
Сәкеннің ғылыми тәсілі – молекулалық үдерістерді жан-жақты зерттеп, оларды практикалық шешімдерге айналдыру. Ол өзін «жақсы ғалым, бірақ академиялық жүйеге икемсіз» деп сипаттайды. Десе де, оның ғылымға қосқан үлесі – айрықша. Хирш индексі – 4. Ғалым кірескен тағы бір жоба ауадағы көмір қышқыл газынан жанармай өндіру.
«Ғылымға қызығушылық бала кезімнен басталды. Балалар жылан көрсе қашады, ал мен оны ұстап, зерттегім келетін. Төртінші сыныпта кітап дүкенінен кездейсоқ «қара жесір» өрмекші жайлы кітап тауып алып, оны ғажап тіршілік иесі деп қызықтағаным есімде. Сол қызығушылық мені бүгінгі жолыма жетеледі», – дейді ол.
Сәкен Шерхановтың айтуынша, табысты ғалым болу үшін үш қасиет қажет:
Құштарлық. Ғылымды сүйсең, ол саған қуат береді.
Мәселе шешу қабілеті. Ғылымда қиындықтар әрқашан болады, ал табандылық пен икемділік – басты артықшылық.
Сыни ойлау. Әрбір нәтижеге күмәнмен қарап, оны қайта-қайта тексеру – ғылыми адалдықтың белгісі.
Бүгінде ғалым қазақстандық студенттермен белсенді жұмыс істейді, оларға олимпиадалық дайындық өткізіп, менторлық, ғылыми кеңес беру, сараптамалық қолдау көрсету бағытында көмектеседі.
«Менің зертханамда барлық жағдай бар. Егер Қазақстаннан зерттеуші немесе жас маман келсе, ғылыммен қалай айналысу керектігін көрсетіп, нақты тәжірибе бере аламын. Ғалымдар тек идея емес, құрал-жабдықтар, реагенттер, инфрақұрылыммен де бөлісе алады», – дейді ол.
Ғалым Қазақстанда биотехнология, дәрілік заттар әзірлеу, биофармацевтика саласының дамығанын қалайды. Дегенмен ол еліміздің әлеуетін нақты бағыттарға жұмсау керек деп есептейді.
«Бағдарламалау, деректерді талдау, биоинформатика – тез нәтиже беретін, үлкен инфрақұрылым талап етпейтін салалар. Біз осы бағыттарда мықты бола аламыз», – дейді ғалым.
Сондай-ақ Қазақстанда research outreach бағытын дамыту маңызды дейді. Бұл – халықаралық ғылыми гранттарға өтінім беру, мақалалар жазу, жетекші университеттермен серіктесу мәдениетін қалыптастыру.
Сәкен Шерханов – ғылым мен білім арасында алтын көпір орнатып, жас қазақстандықтарға үміт пен бағыт көрсетіп келе жатқан тұлға. Оның өмір жолы – ғылымға шынайы қызығушылық, табандылық пен елге деген адалдықтың жарқын үлгісі.
Құрметпен,
Автор: Ерғалиев Қуаныш
P.S. Рубрика шетелдегі қазақстандық ғалымдар туралы #100KZGALYM жобасы аясында шығады. Qazaq International Science and Technology Association